«Оралхан Бөкей тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
2024 жылдың 8 қазан күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Батыс Қазақстан облысы әдістемелік орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жазушы, драматург, көркем сөз өнерінің шебері Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған «Оралхан Бөкей тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі. Оның шығармалары қазақ халқының рухани әлемін, табиғат пен адамның бір-бірімен тығыз байланысын терең түсіндіреді. Жазушының шығармашылық мұрасы өзінің терең философиялық ойларымен және көркемдік шеберлігімен ерекшеленеді.
Конференцияның басты мақсаты – Оралхан Бөкейдің әдеби және мәдени мұрасын, оның шығармаларының тәрбиелік және танымдық мәнін тереңірек зерттеу. Сонымен қатар, шараға қатысушылар жазушының ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін талдап, оның шығармашылығын педагогикалық бағытта пайдаланудың тиімді әдістерімен бөлісті.
Конференция бағдарламасында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің танымал мамандары, ЖОО оқытушылары, ғалымдар, сондай-ақ жалпы орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері сөз сөйлейді. Конференция модераторы – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, филология факультетінің деканы, PhD, аға оқытушы Акбулатов А.А.. Шарада жазушының жаңашыл шығармашылық жолы, драмаларындағы образдар жүйесі, прозасындағы мифологизм және экологиялық мәдениет мәселелері жан-жақты талқыланды.
Конференцияға республиканың әр аймағынан ғалымдар, ф.ғ.д., Н.Ақыш, әдебиетші-ғалым Ә.Байбол, ф.ғ.д. Жарылғапов Ж.Ж., Шаймағанбетова А.К., ф.ғ.к., Шайекенов Ж.Ж., ф.ғ.дк., Мүтиев З.Ж. және мұғалімдер және әдебиет сүйер қауым қатысты.Олар Оралхан Бөкейдің ұлттық әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін бағалап, оның шығармаларының тәрбиелік мәнін ашу бағытында пікір алмасып, тәжірибе жинақтады.


