Пресс-релиз
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция сәтті аяқталды
13 желтоқсан 2024 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері Отарәлі Бүркітұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Профессор Отарәлі Бүркіттің лингвистикалық мұрасы, қазіргі қазақ филологиясының парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден танымал ғалымдар, филологтар мен түркітанушылар қатысты. Конференция жұмысы басталмас бұрын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор б.ғ.к., профессор Н.Х. Серғалиев конференцияға келген қонақтарды және О.Бүркіттің жолдасы университетімізде ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаз ф.ғ.д., профессор Ұ.Р.Ержанованы отбасымен қабылдап, алғыс хатпен марапаттап сый-құрмет көрсетті.
О.Бүркіт атындағы Түркітану дәрісханасын қазақ филологиясы кафедрасының 1991 жылы бітірген түлектері, ғалымның шәкірттері демеушілік жасауымен қайта жөндеу жұмыстарынан өтті. Дәрісхананың таныстырылуы өтіп, Отарәлі Бүркіт туралы бейне ролик көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. З.Қ. Бисенғали, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инситутының бас қызметкері, ф.ғ.д., профессор Ж.А. Манкеева, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Б.Сағындықұлы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, ф.ғ.д., М.Б. Сабыр конференцияға келіп, мазмұнды баяндама жасады. Онлайн форматта Түркиядан Гази университетінің профессоры, ф.ғ.д., Х.К. Генжел, Ресейден Уфа қаласынан М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к., З.А. Хабибуллина сонымен қатар Әзірбайжан, Татарстан елдерінен белгілі тіл білімінің ғалымдары қатысты.
Конференция барысында қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті мәселелері қарастырылып, жаңа зерттеулердің бағыттары белгіленді. Қатысушылар профессор Отарәлі Бүркітұлының еңбектерінің отандық және әлемдік ғылымға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бұл конференция қазіргі филология ғылымының дамуына жаңа серпін беріп, ғылыми қоғамдастықтың одан әрі ынтымақтастығына ықпал етеді деп күтілуде.


