«Қазақ және татар паремиологиялық қорындағы “байлық–кедейлік”

2025 жылы университетте оқытушылардың ғылыми-зерттеу қызметін қолдау және зерттеу бастамаларын ынталандыру мақсатында, соның ішінде жас ғалымдарды қолдау бағыты аясында университетішілік ғылыми жобалар конкурсы ұйымдастырылды. Конкурс қорытындысы бойынша филология факультетінің аға оқытушысы, сондай-ақ Қазан қаласындағы Қазан федералдық университетінің аспиранты Мырзағалиева Айгерім Сидеғалиқызы жоба иегері атанып, 2025 жылғы сәуір–желтоқсан аралығында университетішілік ғылыми жобаны іске асырды. Жобаның тақырыбы: «Қазақ және татар паремиологиялық қорындағы “байлық–кедейлік” / “байлык–ярлылык” (wealth–poverty) концептісінің тілдік көрінісі».

Жоба аясында қазақ және татар тілдеріндегі паремиялар салыстырмалы-типологиялық және лингвомәдениеттанымдық ұстанымдар негізінде іріктеліп, жүйеленді. Зерттеу барысында концептіні танытатын негізгі семантикалық-прагматикалық сценарийлер айқындалып, талдау нәтижелері жинақталды.

Жобаны іске асыру шеңберінде Қазан қаласына ғылыми іссапар ұйымдастырылып, Қазан федералдық университетіндегі ғылыми жетекші — филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Замалетдиновпен ғылыми кездесу өткізілді. Кездесу барысында зерттеудің теориялық-әдіснамалық бағытын нақтылау, дереккөздерді құрылымдау, салыстырмалы талдаудың дәлелдік базасын күшейту және жарияланым талаптарын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар алынды. Сонымен қатар жоба нәтижелері негізінде ғылыми мақала жарияланып, орындалған жұмыстың басты қорытындылары жарияланым арқылы бекітілді.


Басып шығару