27 қараша күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Тіл саясаты және қоғамдық сана: мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтудың ғылыми негіздері» атты республикалық ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Ғалымдар тіл білімінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен мәртебесін терең зерделеп, тіл саясатына ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу.
Дөңгелек үстелге еліміздің Алматы, Қызылорда, Өскемен және Орал қалаларынан келген танымал ғалымдар, ономастика зерттеушілері, журналистер және филология факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенттері қатысты.
Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбек «Мемлекеттік тілдің білім мазмұнындағы орны» баяндамасында жаңартылған білім бағдарламаларындағы қазақ тілі пәнінің мақсат-міндеттерін талдап, тілдің функционалдық қолданысын күшейтуге бағытталған мазмұндық өзгерістердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі білім стандарты оқушының тілдік құзыретін арттырумен бірге, ұлттық дүниетанымға негізделген коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруды көздейді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Аман Абасилов «Ойконимдер және әлеуметтік лингвистика» атты баяндамасында ойконимдердің (жер-су атаулары) әлеуметтік-мәдени табиғатын талдап, олардың қоғам тарихы мен тілдік сананы қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Сарапшының пікірінше, ономастикалық атауларды ғылыми негізде зерттеу – ұлттық жадыны жаңғыртудың маңызды бөлігі.
Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бердібек Бияров «Топоним этимологиясы және экстралингвистикалық факторлар» атты баяндамасында топонимдерді талдауда тілден тыс факторлардың әсерін көрсетіп, аймақтық атаулардың шығу тегін зерттеу кезінде тарихи, географиялық, этнографиялық деректерді кешенді қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл тәсіл ұлттық ономастика ғылымының сапалы дамуына ықпал етеді.
Қазіргі қоғамдық сананың жаңғыруы кезеңінде мемлекеттік тілдің беделін күшейту – стратегиялық міндет. Дөңгелек үстел барысында қазақ тілінің білім беру жүйесіндегі орны, тарихи атауларды қалпына келтіру, ұлттық лингвистикалық кеңістіктің бірізділігі секілді мәселелер талқыланып, нақты ғылыми ұсыныстар жасалды.
Шараның қорытындысы ретінде қатысушылар мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге, ономастикалық процестердің ғылыми базасын нығайтуға бағытталған ұсыныстар топтамасын әзірледі.
Филология факультеті деканының оқу ісі және әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары А.Ғ. Наби










