"Біз де студент болғанбыз" атты кездесу өтті

Басылмаған жүректе аптабым бар,

Жастығымды іздеймін хаттарыңнан.

Ескерткіш боп қолымда альбом қалды,

Студенттік албырттау шақтарымнан.

 

Ғайсағали Сейтақ   

Адамның ересек өмірге қадам басуының бастауы болған студенттік жылдар - оралмас тәтті естеліктер. Балғын шақтың қызығы мен шыжығы қатарласқан сәттерді адам әсте ұмыта алмас. "Студентше түсінік"-пен "тар жол, тайғақ кешкен"-і бар, "махаббат қызық мол жылдар"-дың өзі -  жастықтың қайталай еске алудан жалықпас тарауы дерсің...

Арада талай жыл өтсе де, өткеннен айтары көп жандармен студенттер күні қарсаңында қара шаңырағымызда Қтә 35, қтомқтә 41-топ студенттерінің ұйымдастыруымен "Біз де студент болғанбыз" атты кездесу өтті. Кешіміздің қонақтары - филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бөкенбайұлы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті  тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы және театр және кино әртісі,

“Құрмет” төсбелгісінің иегері, көрермен көзайымына айналған "Келінжан", “Туысқандар” телехикаяларындағы образымен белгілі Жұлдыз Қайырбекқызы.

Өнер. Білім. Мәдениет... Үш бірдей саланың үздіктерімен бас қосқан 

филология факультетінің студенттері қонақтарға жылы лебізін білдіріп, қойған сұрақтарына ұтымды жауап ала отырып пікір алмасты. Бұдан бөлек өздерінің студенттік жылдарындағы қызықты оқиғаларын баяндап, еске алды.  Студенттердің сұрауымен қонақкәде ретінде ән шырқап, өлең оқыды.

"Ең алдымен адам өз бастаған ісіне махаббатпен кірісу керек. Білім алуға ұмтылыңдар, арман еңбекті қажет етеді" дейді олар. Расында, жастықтың жалынымен туындаған жүрек түкпіріндегі арманға еңбек қана жеткізеді емес пе?

Оралмайтын сәттері - мұңы мыңның,

Сағыныш бар дәл осы менше кімде?

Студенттік жылдарын ғұмырымның

Айырбасқа қимас ем, бөлшегін де!

(А.Кункакова)

 


Печать